Қазақстанда мұнай өндіру 6,3 пайызға өсті

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда шикі мұнайды өндіру көлемі 6,3 пайызға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

«2018 жылдың қорытындысында шикі мұнайды өндіру көлемі нақты мәнде 77,5 млн тоннаны құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға жоғары. Ақшамен есептегенде 12,2 трлн теңгеге артық. Өндірілген мұнайдың шамамен үштен екіге (60,9) жуығы Атырау облысына (47,2 млн тонна, бір жылда өсім 11,6 пайыз), 23,3 пайызы Маңғыстау облысына (18 млн тонна, жылдық өсім 0,7 пайыз), 8,3 пайызы Қызылорда облысына (6,4 млн тонна, бір жылда 6,2 пайызға кеміген) тиесілі», - делінген жарияланған материалда.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өткен жылғы мұнай өндірудің жылдық жоспары 20 пайызға артығымен орындалған. 2018 жылдың қорытындысында Қашаған кен орнынан 13,2 млн тонна мұнай (жоспар - 11 млн тонна) өндірілген. Ал Теңіз кен орнынан алынған мұнайдың көлемі 28,6 млн тоннаны құрайды. Бұл жылдық жоспардан 1 млн тоннаға артық. Қарашығанақта та мұнай өндіру жоспары толықтай орындалды. Аталған кен орнынан 12,2 млн тонна мұнай алынды.

Өткен жылы еліміздің 4 мұнай өңдеу зауытына мұнай жеткізу көлемі де арта түскен. Экспорттық бағытта да өсім бар. Мәселен, 2018 жылдың 11 айында 33,7 млрд доллардың 63,2 млн тонна мұнайы экспортқа шығарылған. Бұл ретте Қазақстан мұнайының негізгі импорттаушысы Италия болып отыр.

2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қазақстандық мұнайдың экспорттық бағасы 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 42,2 пайызға артқан.