Қазақстанда мұраға қалған дүние-мүлік үшін кімдер 20% салық төлейді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстандағы мүлікті мұраға алған шетел азаматтары қандай жағдайда салық төлеп, декларация тапсыруы тиіс екенін түсіндірді.

Фото: Pexels

Қазақстанның салық резиденті болып саналмайтын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ел аумағындағы мүлікті мұрагерлікке ала алады. Алайда мұндай жағдайда олар салық төлеуге міндетті болады.

Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бейрезидент мұраға алған мүлкі үшін жеке табыс салығын өзі есептеп, өзі төлеуге міндетті. Бұл жағдайда салық мөлшерлемесі — 20%.

Мәселен, Германия азаматы Қостанайдағы құны 35 млн теңге болатын пәтерді мұраға алса, ол 20% мөлшерінде жеке табыс салығын төлеп, табысы мен мүлкі туралы декларацияны (270.00 формасы) ұсынуы қажет.

Декларация келесі жылдың 1 шілдесіне дейін тапсырылып, салық 10 шілдеге дейін төленуі қажет.

Егер бейрезидент бұл мерзім аяқталғанға дейін Қазақстаннан кетіп, қайта оралмайтын болса, декларацияны елден шығар алдында тапсырып, салықты алдын ала төлей алады. Ол үшін Қазақстанның жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеуі қажет.

Ведомство мұраға қалған мүлік кейін сатылған жағдайда да салықтық міндеттеме туындайтынын еске салды. Мұндай кезде мүлікті сатудан түскен табысқа 15% мөлшерінде жеке табыс салығы салынады.

Егер Қазақстан мен мұрагер тұратын мемлекет арасында қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім болса, бейрезидент оның талаптарын пайдалана алады. Ол үшін декларациямен бірге басқа мемлекеттің салық резиденті екенін растайтын құжатты қоса тапсыруы қажет.

Мемлекеттік кірістер департаменті шетел азаматтарына айыппұл мен қосымша шығындарға жол бермеу үшін салықтық міндеттемелерін уақытылы орындауға кеңес береді.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексінің жобасына түзетулер пакеті әзірленгенін жазған болатынбыз.