Қазақстанда NEET санатындағы жастар саны 7 мыңнан астам адамға азайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда оқымайтын және жұмыс істемейтін жастардың саны бір жылда 7 мыңнан астам адамға азайды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Халықаралық жастар күніне арналған брифингте мәлім етті.

Фото: Kazinform

 «Отбасының цифрлық картасы» дерегіне сәйкес, 2026 жылғы шілдеде NEET санатындағы жастар саны 102 295 адамды құраған. Бір жыл ішінде олардың саны 7 328 адамға немесе 6,7 пайызға азайған.

– Соңғы жылдары NEET санатындағы жастардың жалпы үлесі де төмендеп келеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 7,3 пайыз болса, 2024 жылы 6,5 пайызға, ал 2025 жылдың қорытындысында 6 пайызға дейін төмендеді. Қазір NEET санатындағы жастармен жұмыс барысында «Отбасының цифрлық картасындағы» деректер пайдаланылады, - деді вице-министр.

Айта кетейік, Қазақстанда 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жастарға білім алу, жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес беріп, психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді.

Еске салайық, қазір елімізде 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Оны іске асыру жоспарына 80-нен астам іс-шара мен жоба енгізілгені хабарланды.