Қазақстанда «Нива» автокөлігі өндірістен шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Болашақта «Нива» автокөлігінің Қазақстандағы өндірісі тоқтатылады, деп хабарлады бүгін Астанада ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау.

Оның айтуынша, бұл Кедендік одақ аясында енгізілетін ортақ техникалық регламенттердің жаңа талаптарына орай жасалатын шара. «Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, Кедендік одақта барлық мүше елдерге ортақ техникалық регламент енгізіледі», - деді ол ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. А.Рау бұның алдында Өзбекстаннан келетін Daewoo көліктерін Қазақстанға әкелуге тыйым салынғандығын да атап өтті. «2014 жылдың 5 қаңтар күні ҚР Үкіметінің Қаулысымен импортталатын көліктерге қауіпсіздік талаптары күшейтілген болатын. Сол кезде өзбекстандық көліктер қапы жеп қалды. Кешіріңіздер, бұл қауіпсіздік талаптары. Бізде шығарылатын көліктердің барлығы, Нива көлігінен басқасы, айтпақшы ол да өндірістен шығарылады, қауіпсіздік талаптарына сай келеді», - деді ол.