Қазақстанда норовирус ішек инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова өңірлердегі су тасқыны салдарына болуы мүмкін ішек инфекцияларына қатысты пікір білдірді. 

Фото: Kazinform

«Норовирус – ішек инфекцияларының тобына жатады. Жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары норовирусқа да бағытталған. Елімізде ішек ауруларының өсуі байқалмайды. Су басқан өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтатын болсақ, бүгінде біз ішек инфекцияларымен, оның ішінде норовирус жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ брифингінде сұраққа жауап бере отырып.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздің су басқан өңірлерінде медициналық мекемелер тәулік бойы жұмыс істеп тұр. 

Сондай-ақ су басқан өңірлерде халыққа психологиялық көмек ұсынатын жедел штаб құрылды.