Жаңа әдіс ісіктің алғашқы белгісі пайда болғанға дейін, көлемі небәрі бірнеше миллиметр болған кезде анықтауға мүмкіндік береді. 10-15 тамыз аралығында қауіп тобына кіретін Қазақстан тұрғындары еліміздің барлық өңірінде тексеруден тегін өте алады. Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының радиология және ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Аманқұлов айтты.
Оның айтуынша, өкпе обыры - онкологиялық аурудың көп тараған түрлерінің бірі. Жыл сайын осы диагнозбен 3,8 мыңнан астам науқас анықталып, 2 мыңдай адам қайтыс болады. Өкпе обыры ұзақ уақыт бойы байқалмай, біртіндеп асқынуы мүмкін. Адам өзін сап-сау сезінгенімен, ауруы уақыт өткен сайын үдей береді.
Жандос Аманқұлов науқастардың көбі дәрігерге аурудың III–IV сатысында бір-ақ қаралатынын айтты. Оның сөзінше, бірінші сатыда сәтті емделу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан Қазақстанда ауруды ертерек анықтауға басымдық беріп отыр.
- Ерте анықтайтын негізгі әдістің бірі - төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ). Кәдімгі рентгеннен айырмашылығы, компьютерлік томография өкпенің қабат-қабат кескінін алып, ең ұсақ өзгерісті де анықтайды. ТДКТ кезінде дәрігер қалыңдығы бір миллиметрдей болатын кескінді алып, көлемі небәрі екі-үш миллиметрлік ошақтарды көре алады. Ашқұрсақ жүріп, алдын ала талдау тапсырып, күнделікті ішетін дәріні тоқтатудың қажеті жоқ. Түсірілімнің өзі 10–15 секундқа созылады. Құжатты рәсімдеуді қосқанда шамамен 15 минут уақыт алады, - деді ол.
2026 жылдың 10–15 тамыз аралығында Қазақстанның барлық өңірінде өкпе обыры туралы ақпараттандыру апталығы өтіп жатыр. Акция аясында ТДКТ көмегімен 1600-ден астам адамды тексеру жоспарланған. Бірінші кезекте жасы 50-ден асқан, қазіргі уақытта шылым шегетін немесе бұрын шеккен адамдар тегін тексеруден өте алады. Қауіп тобына шаң, түтін, химиялық және канцерогенді заттармен тұрақты байланыста болатын зиянды өндіріс жұмысшылары да кіреді.
Алматыда тегін тексеру 10–14 тамыз аралығында сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін Алматы онкологиялық орталығында, Өтепов көшесі, 7 мекенжайында өтіп жатыр. ТДКТ-дан өту үшін 8 (7173) 123-952 телефоны арқылы алдын ала жазылу қажет.
Еске салайық, тегін онкологиялық скринингте 1837 обыр жағдайы расталды.