Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы онкологиялық аурулар арасында өлім-жітім көрсеткіші бойынша өкпе обыры бірінші орында тұр. Жыл сайын үш мыңнан астам адамға осы диагноз қойылады.
— Скринингтің тиімділігі дәлелденген. АҚШ-та мұндай тексерулер өлім-жітімді 20%-ға, ал Италияда 39%-ға азайтты. Өкпе обырының асқынған сатысында тұрған әр науқасқа мемлекет 60 млн теңге жұмсайды. Ең басты мәселе қаржыда емес, Қазақстан халқының денсаулығында», — деді С. Пономарев Құрылтайдың жалпы отырысында.
Бұл бастама аясында қауіп-қатер тобындағы адамдар үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы өкпе обырын анықтауға бағытталған ұлттық скринингті енгізу ұсынылды.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда мұндай скринингті жүргізуге арналған технологиялық шешім қазірдің өзінде бар. 2023 жылы Дүниежүзілік банктің гранты есебінен өкпе обырын ерте анықтауға және скринингтен өткізуге арналған жасанды интеллект негізіндегі жүйе әзірленіп, ол техникалық тұрғыдан 200 медициналық мекемемен біріктірілген болатын. Алайда жоба әрі қарай дамытылмады.
— Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы өкпе обырына скрининг жүргізу жобасының тоқтап тұруына себеп болған жайттар мен факторларды анықтауды, осы саладағы технологияларға тәуелсіз бағалау жүргізуді, сондай-ақ жобаны іске қосу мерзімі мен шарттарын белгілеуді ұсынамын», — деді С. Пономарев.
Айта кетейік, биыл тамыз айында Қазақстанда өкпе обырын төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ) арқылы скринингтен өткізу басталғаны хабарланды.