Биыл Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға ниет білдірген шетелдегі 2 100 қандас құжат тапсырды. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Астана қалалық филиалының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің жоғары оқу орындарына түсу үшін 2 100 бала құжат тапсырды. Олар онлайн режимде жолдайды. Биыл бірінші рет бұл жүйе цифрлы форматқа ауысып жатыр. Сондықтан, олқылықтар да жоқ емес. Құжат тапсырған балалар: «Біз құжат тапсырдық, бірақ неге емтиханға қатыспаймыз?» деп хабарласты. Біз бұл сұрақтарды жоғары оқу орындарына жіберіп, шешуге тырысып жатырмыз. Нәтижесі 1-2 күнде белгілі болады. 1 300 балаға квота бөлінген. Енді қалған құжат тапсырған 800 баланы қайда жібереміз?! Сондықтан, министрлік қосымша квота бөлуі қажет деп есептейміз. Біз оны хат түрінде де жолдаймыз. Өйткені, балалар үмітпен күтіп отыр», - деп мәлім етті Қарлығаш Бекпатшақызы.
Қоса кетсек, бүгін елордада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан құрылған қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда шетелде жүрген 7 миллионға жуық қандасымызды елге қайтару төңірегіндегі мәселелер талқыланды.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.