Қазақстанда оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау үлгісі енгізілуде

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау үлгісі енгізілуде.

Оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында көзделген білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізудің бір түрі болып табылады, деп хабарлады pm.kz сайты.

Елбасы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру сапасын арттыру үшін осы салаға жаңа әдістер енгізу керектігін айтқан болатын.

«Білім беру саласын жаңғырту барысында біз бірқатар шараларды жүзеге асыру керекпіз. Ең алдымен, білім беру үрдісіне заманауи әдістер мен технологиялар енгізу керек. Екіншіден, педагогикалық құрамның сапасын арттыру ерекше маңызға ие», - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Қазақстанда оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау білім беру қызметтерінің сапасын бағалау мен оқушылардың білім бағдарламаларын игеру деңгейін анықтау мақсатында жүзеге асырылатын болады.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау 2011-2012 оқу жылдарынан бастап қолға алынбақ. Мысалы, оқыту сапасына мониторинг жүргізу ісі негізгі мектепте (9 сыныпта кейін), сондай-ақ білім беру бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларының игерілуіне мониторинг жүргізу мақсатында таңдалып, жоғары оқу кезінде (4 куруста) іске асырылады. Тапсырмалар жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді. Оқушылардың білім деңгейлері заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады.

«Оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау ісіне 9 сыныпта қазақ тілі және жыл сайын үрдіс басталар кезде уәкілетті орган анықтайтын тағы 3 пән кіреді. Мониторинг жүргізілетін оқу бағыттары мен жоғары оқу орындары жыл сайын анықталып отырады», - деп атап өтілген ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпаратында.

Айта кетерлігі, Қазақстан 2007 жылдан бастап  білім беру сапасын бағалау жөніндегі Халықаралық қауымдастықтың мүшесі атанған. Әлемнің көптеген елдерінде жалпы орта білім сапасын бағалау үшін ұлттық емтихандар үлгісінде тәуелсіз сыртқы бағалау жүргізіледі. Және де әрбір елде бағалау жүргізу үлгісі өз қырымен ерекшеленеді.

Мектеп пен жоғары оқу орнында да қолданылатын бір емтихан тапсыру үлгісі ең көп таралған үлгі болып табылады (Ресей, Түркия, Болгария, Венгрия, Дания, Израиль, Үндістан, Италия, Норвегия мен Финляндия елдері). Сонымен қатар, сырттай орталықтандырылған және мектеп ішінде жүргізілетін екі сатыдағы бақылау үлгісі біршама елдерде кеңінен таралған (Греция, Латвия, Македония, Словакия Республикасы, Словения, АҚШ, Чех Республикасы).

Осылайша, тестілеуді оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау тетігі ретінде пайдаланатын елдер қатары жыл санап артып келеді. Осы мониторингтің нәтижесі Қазақстанның білім беру мекемелері көрсетіп отырған білім сапасын бағалауға мүмкіндік береді.