Қазақстанда өлім жазасы жүзеге асырылмайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Руслан Күлекбаевтың өлім жазасына кесілуіне байланысты көптеген қазақстандықты «үкім жүзеге асырыла ма, асырылмай ма» деген сауал алаңдатып отыр. Дегенмен, сарапшылардың басым бөлігі қылмыскерге еліміздегі ең жоғары жазаның қолданылмайтындығын айтуда. Өйткені, Мемлекет басшысының 2003 жылғы 17 желтоқсандағы №1251 Жарлығымен елімізде өлім жазасына мораторий енгізілген.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің «Қазақстан Республикасында өлім жазасын мораторий енгізу туралы» Жарлыққа түсіндірмесінде Елбасы Жарлығы қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру туралы Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыруға бағытталған және өлім жазасын қолдануды шектеу жөніндегі бағдарламалық құжаттармен бекітілген бағыттың заңды жалғасы болып табылатындығы аталып өтілген.

«Республика Президенті 1994 жылғы наурызда бекіткен Құқықтық реформа бағдарламасының өзінде-ақ өлім жазасын кезең-кезеңмен жоюдың перспективасы нақты белгіленген болатын. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ ұрлық, жалған ақша жасаушылық, валюталық операциялар туралы ережелерді бұзушылық, қарақшылық, түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер, зорлау мен пара алу үшін өлім жазасы заң жүзінде жойылды. Келесі қадам 1998 жылғы 1 қаңтарда жаңа Қылмыстық кодекстің қолданысқа енгізілуі болды, онда өлім жазасы бейбіт кезде іс жүзінде ауырлататын мән-жайларда қасақана кісі өлтіргені үшін ғана сақталды», - делінген құжатта.

Сонымен бірге соттар шығарған өлімге кесу үкімдерінің саны бірнеше есе кемігендігі, мұның өзі аса ауыр қылмыстардың өсуіне әкелгендігі айтылған. Әрі-беріден соң, қасақана кісі өлтіру саны тіпті азая түскен. Мұның өзі өлім жазасының болуы немесе болмауы қылмыстылықтың серпініне айтарлықтай әсер ете қоймайтынын сенімді түрде дәлелдейді. Жазаның қатаңдығының өзі-ақ адамды қылмыс жасаудан тартындыра алады дегенде иек арту әрдайым орынды бола бермейді, өйткені қылмыскер, әдетте, жауапкершіліктен құтылатынына сенімді. Бұған қоса, көптеген әлеуметтік сауалнамалар тұрғындардың басым көпшілігінің өлім жазасын толық жоюға әлі ертерек деп санайтындығын куаттаған. Қоғамның пікірін ескермеуге болмайды, сондықтан жазаның ең ауыр түрін қолдануды одан әрі шектеуге кезекті қадам ретінде өлім жазасын орындауға мораторий таңдап алынды.

Жарлық соттар шығарған өлім жазасы туралы үкімдердің орындалуын тоқтата тұруды көздейді және Жарлықты іске асыруға бағытталған әрі 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа жаза - өлім жазасына нақты балама болып табылатын өмір бойына бас бостандығынан айыруды қолданысқа енгізу туралы заң жобасын Парламентке енгізу жөніндегі Үкіметке тапсырманы қамтиды. Бұл орайда өлім жазасының өзі қылмыстық жаза түрі ретінде жойылмайды, тек соттар шығарып қойған өлімге кесу үкімдерін орындау тоқтатыла тұрады. Мораторийдің мерзімдік шегі жоқ, бірақ қажетті жағдайда оның күші жойылуы мүмкін.

Осылайша, Р.Күлекбаевқа мемлекеттік айыптаушы сотталушының мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу мүмкіншілігінен айыратын өмір бойғы бас бостандығынан айыруға қол жеткізу үшін ең жоғары жазаны талап етті деп болжауға болады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде өлім жазасы 17 қылмыс жиынтығында қарастырылған және адамдардың өліміне әкелген  лаңкестік және соғыс уақытында жасалған қылмыстарда «жазаның бірегей шарасы» ретінде  ресми танылады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда өлім жазасын қолдануға мораторий 2003 жылы жарияланып, сол уақыттан бері бірде-бір өлім жазасы жүзеге асырылған жоқ. Дегенмен, соттың қылмыскерді өлім жазасына кесуі болды. Қазақстанда өлім жазасы туралы соңғы үкім 2003 жылы 12 адамға қатысты орындалды.  Үкім қылмыскерді ату арқылы жүзеге асырылды. Жалпы, 1990 жылдан бері Қазақстанда 536 өлім жазасына қатысты үкім орындалған.

2007 жылғы 21 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес 15-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылған: «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш етуге хақы бар».

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі 165 бабының 5 тармағына сәйкес өлiм жазасы туралы үкiм ол күшiне енген кезден бастап ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады.

Осылайша, Күлекбаевқа қатысты өлім жазасы мораторий алынып тасталған жағдайда ғана орындалады. Айта кетерлігі, сарапшылардың басым бөлігі, оның ішінде Парламент депутаттары да бір қылмыскерге бола өлім жазасына мораторийдің алынып тасталуы мүмкін емес деп санайды.