Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті әрі «Astana Acca Due O» әйелдер велосипед командасының спорттық директоры кездесу барысында отандық әйелдер велоспортының қазіргі жай-күйі жайында баяндап, бұл саланы дамыту бағытындағы федерацияның жоспарларымен бөлісті.
«Зүлфия Забирова әйелдер велоспортынан өңірлік және ұлттық штаттық команда құру қажеттігін атап өтті. Ол отандық спортшыларды іріктеуге және олардың спорттық шеберлігін арттыра түсуге мүмкіндік береді. Келесі жылы федерация отандық шабандоздардан тұратын өңірлік команда құрады. Айта кетерлігі, аталған команда жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысып, олимпиада лицензияларын ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан өңірлік велокоманда мен Ұлттық штаттық команда дирекциясы базасында команда құру елімізде әйелдер арасындағы велоспорттың дамуына тың серпін береді», - делінген федерация ақпаратында.
Г.Әбдіқалықова өз кезегінде Қазақстанда спортты дамыту маңызды екендігін атап өтіп, өз тарабынан еліміздегі әйелдер велоспортын қолдауға дайын екендігін білдірді. А.Мұхамедиұлы өз кезегінде федерация бастамасына қолдау білдірді. Оның атап өтуінше, әйелдер велоспортын дамытуды еліміздің өңірлерінен бастаған жөн.
Кездесу соңында З.Забирова Мемлекеттік хатшыны ағымдағы жылдың тамыз айында жасөспірімдер арасында өтетін тректегі велоспорт бойынша UCI әлем чемпионатын тамашалауға шақырды.
Айта кетейік, «Astana Acca Due O» әйелдер велосипед командасы 2014 жылы құрылды. Оның сапында еліміздегі ең үздік 7 спортшы бар.