Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі дамып келеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өнеркәсіп бойынша жоғары және төмен нәтиже көрсеткен өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы өнеркәсіп өндірісі 0,4% өсті. Бұл өсу өңдеу өнеркәсібінің 3,3% артуы есебінен болды. Ал кен өндіру өнеркәсібі 1,5% төмендеді. Өнеркәсіп бойынша өсім көптеген өңірлерде байқалады. Ең жоғары өсімді Қостанай (7,2%), Солтүстік Қазақстан (6,8%) облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы (5,5%) көрсетті», - деді министр Үкімет отырысында.

Тағы 5 өңірде өнеркәсіптің төмендеуі байқалған. Олар – Қызылорда (-11,5%), Маңғыстау (-5,9%), Ақтөбе (-2,9%), Шығыс Қазақстан (-1,5%) облыстары және Шымкент қаласы (-1,8%).

«Өңдеу өнеркәсібі 3,3%-ке өсті. Өсудің жоғары қарқынын фармацевтика, дайын металл бұйымдары, машина жасау, оның ішінде автомобильдер және жеңіл өнеркәсіп саласы көрсетіп отыр. Өңірлер бойынша жоғары өсім Қостанай (19,9%), Түркістан (14,4%), Солтүстік Қазақстан (7,8%) облыстарында байқалады. 4 өңірде төмендеу тіркелді. Олар – Ақтөбе (-4,9%), Батыс Қазақстан (-1,2%) және Шығыс Қазақстан (-0,7%) облыстары және Шымкент қаласы (-1,8%)», - деді Р. Дәленов.