- 2026 жылы Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі теңгерімнің жақсаруы байқалды. 2026 жылдың бес айының қорытындысы бойынша елде 53,6 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріліп, тұтыну көлемі 53,3 млрд кВт/сағатты құрады. Осылайша, өндіру көлемі ішкі тұтынудан шамамен 300 млн кВт/сағатқа артты, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен бірге белгілі бір кезеңде электр энергиясын өндіру көлемінің тұтынудан асып түссе де, кейбір жағдайда электр энергиясын импорттау қажет болады.
Импорт энергияны тұтыну көлемі күрт артқан уақытта қажеттілікті өтеу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Бұл ретте, «KEGOC» АҚ деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-мамыр айларында Ресейден сатып алынған электр энергиясының көлемі айына шамамен 45-75 млн кВт/сағатты құрады.
Еске салсақ, Қазақстан Қырғызстанға 2025-2026 жылдары 1,56 млрд кВт·сағат электр энергиясын жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылдан бастап электр энергиясы профицитін қалыптастыруды жоспарлап отыр.