Қазақстанда өндірілген электр энергиясы тұтынудан 300 млн кВт/сағатқа артық болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда биылғы алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі тұтынудан асып түсті.

Фото: Наталья Зинченко / Kazinform

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қаңтар-мамыр айларында елде 53,6 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 53,3 млрд кВт/сағатты құрады.

Осылайша, электр энергиясын өндірудегі профицит шамамен 300 млн кВт/сағат деңгейінде қалыптасты.

– Тұрақты профицит елдің энергетикалық жүйесінің теңгерімді дамуын, генерациялайтын қуаттардың тұрақты жұмысын және ішкі сұранысты сенімді қамтамасыз етуді көрсетеді, – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Ведомствоның болжамынша, 2026 жылдың қорытындысында Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі 126,5 млрд кВт/сағатқа жетеді.

Энергетикалық қуаттарды ұлғайту мақсатында биыл елде дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері есебінен жалпы қуаты 2,6 ГВт болатын жаңа нысандар іске қосылады. Атап айтқанда, төрт газ станциясын пайдалануға беру және екі электр станциясын кеңейту жоспарланған.

Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері саласында да жаңа жобалар жүзеге асырылады.

– Биыл елімізде 10 жаңа жаңартылатын энергия нысаны іске қосылады. Оның ішінде төрт жел электр станциясы, бес күн электр станциясы және бір су электр станциясы бар, – делінген министрлік ақпаратында.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жүзеге асырылып жатқан жобалар 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай энергия тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді.

– Бұл жобаларды іске асыру 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай елдегі энергия тапшылығы мәселесін толық шешуге, ал 2029 жылға қарай электр энергиясы бойынша тұрақты профицитке шығуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомство.

Айта кетейік, KEGOC 2035 жылға дейін 7 мың шақырым жаңа электр желісін салуды жоспарлап отыр.