Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, өнімді сақтау мәселесі әсіресе маусымаралық кезеңде маңызды. Бұл кезең шамамен 7-8 айға созылады.
— Ғылыми негізделген қажеттілік нормалары бойынша картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат сияқты негізгі көкөніс өнімдерін сақтау үшін 2,5-2,6 млн тонна көлемінде қойма сыйымдылығы қажет, яғни келесі өнім жиналғанша шамамен 2,5 млн тонна көкөністі сақтап қалуымыз керек, — деді вице-министр Үкіметте өткен брифингте.
Соңғы жылдары елімізде көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген.
— Президент тапсырмасы аясында көкөніс және картоп қоймаларын салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары әзірленді. 2023-2025 жылдары 700 мың тоннадан астам жаңа сақтау қуаты іске қосылды. Осылайша, қазіргі қойма қуаттары көкөніс өнімдерін келесі жылдың өнімі жиналғанша сақтауға жеткілікті, — деді Н. Хатепова.
Дегенмен өнімнің белгілі бір бөлігі сақтау, жинау және тасымалдау кезінде жоғалуы мүмкін. Вице-министр ғылыми негізделген табиғи кему нормалары бар екенін түсіндірді.
— Тиісті жағдайда сақталғанның өзінде көкөніс өнімдерінің белгілі бір мөлшері табиғи түрде кемиді. Жалпы өнім көлемінің шамамен 5-10% дейінгі шығынға жол беріледі. Бұл тек сақтау кезінде емес, өнімді жинау және тасымалдау кезеңдеріне де қатысты, — деп түсіндірді вице-министр.
Бұған дейін Назгүл Хатепова елдегі картоп егу алқабы 5,5 мың гектарға көбейгенін, оларды сақтайтын қоймалар да жеткілікті екенін айтқан еді.
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Қазақстан астығы қай елдерге көбірек экспортталатынын баяндады.