Қазақстанда өнімдер құрамындағы трансмайлар қадағалана бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап өтпелі кезеңнен кейін май өнімдеріндегі май қышқылының трансизомерлері құрамының жаңа нормативі күшіне енді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Талаптар мынадай май өнімдеріне қатысты: маргариндер, спредтер, қорытылған қоспалар, аспаздық майлар және сүт майын алмастырғыштар.

Енді  маргариндер, өсімдік майы, сары май және өсімдік-май спредтерінің, қорытылған өсімдік-сары май және өсімдік-май, арнайы мақсаттағы майлар, оның ішінде аспаздық, кондитерлік, нан пісіру, сүт майын алмастырғыштар және құрамында трансмайлар бар басқа да өнімдердің тұтынушы қаптамасында құрамындағы қаныққан май қышқылдары өнімінің май фазасында болуы және май қышқылдары трансизомерлерінің болуы туралы қосымша ақпаратты қамтуы тиіс (өнімдегі май құрамының пайызымен).

«Май өніміне арналған техникалық регламент» талаптарына сәйкес, ол тамақ өніміндегі майдың жалпы құрамынан 2%-дан аспауы  тиіс.

2018 жылдың 1 қаңтарына дейін дайындалған, құрамында 2,0 пайыздан астам май қышқылдарының трансизомерлері бар өнім жарамдылық мерзімі ішінде тұтынушылық нарықта айналымда бола алады.

Май қышқылдары трансизомерлерінің құрамын тек зертханалық әдістермен ғана анықтауға болады, оларды Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің және Қазақ тағамтану академиясының зертханалық орталықтары жүргізеді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін дайындалған, таңбалауында май қышқылдары трансизомерлерінің құрамы туралы ақпарат жоқ немесе олардың үлесі белгіленген нормативтен (2 пайыздан) асатын өнімді сатып алған жағдайда тұтынушы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық органына жүгіне алады.

Техникалық  регламенттер талаптарын бұзғаны, оның ішінде сәйкес келмейтін өнімді шығарғаны үшін кәсіпкерлік субъектілеріне 40-тан 200-ге дейін айлық есептік көрсеткіш айыппұл салу көзделген.

Трансмайлар қайта өңделген тамақ өнімдерінде, маргариндер және бутерброд қоспалары, қуырылған тағам, фастфуд және пісірілген нанда, пиццалар, чипсілер, печенье, фри картобы, тауық еті нагетсі және басқа да өнімде болады. Олар майларды өнеркәсіптік қайта өңдеген кезде - сұйық майлар қатты күйге ауысатын ішінара гидрогенизациялау процесінде түзіледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы трансмайларды тұтыну жүрек-қан тамыры ауруларына, абдоминалды семіздікке, диабетке, Альцгеймер ауруына, өкпе обырына, репродуктивтік функциялардың бұзылуына, өт-тас ауруларына алып келетінін ескертеді және тамақ өнімдерінен трансмайларды алып тастауды және оларды балама май көздеріне алмастыруды талап етеді.

Көптеген елдерде трансмайларды пайдалануға тыйым салынған, оның ішінде Швейцария, Австрия, Исландия, Венгрия, Норвегия, Швеция, Данияда өнеркәсіптік трансмайлар құрамының жоғарғы шегін 100 г майға 2 г, яғни жиынтық майдың 2%-ы деңгейінде белгіленген. 

Осындай шек енді Қазақстанда, сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде де белгіленді.