Қазақстанда өнiмдердiң сапасы туралы ақпараттар бiрыңғай базада сақталатын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тауарлардың сапасына қатысты ақпараттарды сақтайтын бiрыңғай база құру жоспарлануда. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Тұтынушыларды қорғау агенттiгiнiң төрағасы Болатбек Қуандықов мәлiм еттi.

Оның айтуынша, әрбiр тұтынушы сол базадан кез келген тауар немесе өнiмге қатысты толыққанды ақпарат алып, оның қауiпсiздiгi туралы ақпаратпен таныса алады.

«Агенттiк бiрiктiрiлген ақпараттық жүйенi - өнiмнiң қауiпсiздiгi бiрыңғай базасын құру жөнiнде iс-шаралар атқаруда. Ол өнiм айналымының барлық кезеңдерiн бақылауға және процедураларды жүргiзудiң ашықтығын қамтамасыз етедi», - деп атап өттi ол.

Егер жүйелi түрде заң бұзушылық анықталатын болса, агенттiк оған қатысты тыйым салу шараларын қабылдамақ. «Егер ол тауар сырттан әкелiнетiн болса, оны импортталуына шектеу қойылады, ал егер ол келiнген немесе елде шығарылған болса, оны сатуға тыйым салынады», - деп атап өттi ол.