Қазақстанда онкологиялық ауруларды алдын алу бойынша онкүндік жарияланды

АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -  Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні аясында Қазақстанның барлық аймағында 1 -10 ақпан аралығында   «Онкологиялық аурулардың алдын алу» онкүндігі  өтеді.

Бұл туралы бүгін Алматыда «Обыр ауруының алдын алу және ерте кезеңінде анықтау. Біздің күшіміз бірлікте» деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры директоры Жәмилә Баттақова мәлім етті.

 Акцияның мақсаты - онкологиялық аурулар мәселесіне қоғамның назарын аударту, тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне жаһандық сипат алған қатерлі ісік ауруы түрлерін  алдын алу мен ерте анықтау жөнінде ақпараттандыру, ел азамататарына  скринингтік тексерудің қажеттілігін түсіндіру болып табылады.

 "Онкүндік барысында БАҚ арқылы және халық көп шоғырланған жерлерде онкологиялық аурулардың алдын алу, оны дер кезінде анықтау жайында ақпараттық шаралар ұйымдастырылатын болады. Ал, медициналық мекемелерде мамандар кеңесі,  ашық есік күндері, тұрғындар үшін  скринингтік тексерулер өткізіледі",-деді  Ж. Баттақова. Оның айтуынша, аталмыш шаралар қалыптасып отырған онкологиялық аурудың жартысына жуығын болдырмауға ықпал етпек. 

  Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні 2006 жылдың 4-ақпаннан бастап, Обырға қарсы күрес халықаралық қоғамының ұйымдастыруымен және Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен өткізіліп келеді. Бұл күні Қазақстанның және бүкіл дүниежүзінің дәрігерлері адамзат баласына обыр ауруы жаһандық мәселе болып келе жатқандығын және оған назар аудару қажеттігін еске салады.