Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған халықаралық конференцияда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі Нұрлан Қыдырбаев мәлім етті.
Министрлік өкілінің атуынша, Қазақстандағы онкологиялық ауруларға қызмет көрсетуде бірқатар қордаланған мәселелер бар. Мәселен, елімізде аса қатерлі дерттерге шалдыққан сырқаттарға, олардың отбасының өмір сапасын жақсартуға бағытталған көмектер мүлдем жоқтың қасы.
«Жалпы, қазіргі таңда обыр ауруын емдеу мен оны зерттеу саласында озық технологиялары бар елдердің қатарына ену үшін халықаралық ынтымақтастық шаралары белсенді жүргізілуде. Бұл ретте Еуропа онкологтар мектебімен, басқа да жетекші орталықтармен, Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) қаржыландырып, жүзеге асырып жатқан жобалармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға да қол қойылуда. Тұтастай алғанда еліміздегі онкологиялық ауруларды, оның салдарынан туындайтын өлім-жітімді төмендетуге 2012-2019 жылдарға арналған Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру өз септігін тигізеді. Бұл ретте бағдарлама әлемдік озық тәжірибелерді қамти отырып, онкологиялық дерттерді ерте бастан анықтау, реаблитациялық және паллативтік көмектер жүйесін құру мәселесін шешеді», - деді Н. Қыдырбаев.