«Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді азайту жөніндегі нақты міндеттер қойылды. Оған қол жеткізу үшін онкологиялық қызметті дамыту және онкологиялық науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту жөніндегі бағдарламаны іске асыру керек», - деді Қ. Нұрғазиев.
Жолдауда онкологиялық қызметті дамытудың екі бағыты ескеріліп отыр. Олар: қазіргі онкологиялық қызметті жаңғырту және «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның жанынан жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салу бағыттары.
«Біз салалық бағдарлама әзірлеп жатырмыз, оны наурыз айының аяғында Үкіметтің қарауына бермекпіз. Салалық бағдарлама Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс комиссиясында талқыланды, түрлі медициналық ұйымдар мен жоғары оқу орындарында талқыланғаннан және Қаржы министрлігімен келісілгеннен кейін, құжат Үкіметтің қарауына беріледі»,- деп атап көрсетті директор.
Бұл бағдарлама 2012-2014 жылдар аралығында іске асырылады. Бағдарламалық құжатта нақты индикаторлар және бағдарламадан күтілетін нәтижелер көрсетіледі.
Қ.Нұрғазиевтің айтуынша, Қазақстан онкологиялық науқастарға стационарлық және амбулаторлық деңгейде тегін ем көрсететін аз мемлекеттің қатарында.