Қазақстанда онкологиялық қызметті дамыту жөніндегі жаңа бағдарлама жасалуда

АСТАНА. 8 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту жолымен қазақстандықтардың өмір жасын ұзарту мақсатында онкологиялық қызметті дамыту бағдарламасын қабылдау жоспарлануда, деп хабарлады  pm.kz сайты.

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағытты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында онкологиялық жәрдемді дамыту туралы» бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар кешенін атқару туралы міндет қойды.

Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда, біз жүрек-қан тамырлары аурулары мәселесі бойынша жасағандай, Онкологиялық жәрдемді дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Сол сияқты Ұлттық медициналық холдинг арқауында Астанада қуатты Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де қарастыру қажет», деді Елбасы өз Жолдауында.

Бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасында онкологиялық жәрдемді дамыту туралы» салалық бағдарламаның жобасы әзірленіп отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл жоба 2012-2016 жылдарға есептелген және ол іс-шаралардың тұтас кешенін іске асыруды қарастырады.

 «Профилактикалық бағытты дамытуға, оның ішінде скринингілік бағдарламаларды кеңейтуге үлкен мән беріледі. Скринингтердің жаңа түрлері: ас қорыту жүйесі мен асқазан қатерлі ісігі, бауыр қатерлі ісігі, т.б. скринигтері енгізіледі», - делінген ведомствоның ақпаратында.

Тағы бір айта кететін нәрсе, Ұлттық медициналық холдингтің базасында Ұлттық онкологиялық ғылыми орталық құру жоспарлануда. Онда қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің барлық бірегей әлемдік технологиялары шоғырланатын, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілетін болады. Холдингтің ақпараты бойынша, қазіргі таңда осынау инвестициялық жобаның техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде және оны іске асыру үшін халықаралық сарапшылар комитеті жасақталуда.

Бұл жобаның аясында сондай-ақ онкологиялық ұйымдарды заманауи медициналық жабдықтармен қайта жарақтау және жаңғырту қарастырылып отыр, бұл шара қазақстандықтардың заманауи технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Және онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейінде онкологиялық, маммологиялық, проктологиялық кабинеттер ашу, онкологиялық қызмет кадрлары мен жалпы емдеу желілері дәрігерлерінің біліктіліктерін жетілдіру шаралары қарастырылып отыр.

Бұл аталған шаралар онкологиялық көмек көрсетудің республика бойынша орнықты және тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді.