Тізбе «Сауда қызметін реттеу туралы» заң талаптарына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдар ұсынған ақпарат негізінде жасақталды.
Онда Қазақстан аумағында айналымына тыйым салынған немесе шектеу қойылған, оның ішінде электрондық сауда арқылы сатылатын тауарлар туралы мәліметтер жинақталған.
– Тізбе электрондық сауда алаңдарының иелеріне, интернет-дүкендерге, сатушыларға және электрондық сауданың басқа да қатысушыларына қолданыстағы шектеулер туралы өзекті ақпаратты жедел алуға және тауарларды орналастыру мен сату кезінде заңнама талаптарын ескеруге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, бұл электрондық сауда алаңдарына тауар карточкаларын модерациялау кезінде бірыңғай тәсілді қолдануға, ал сатушыларға өнімді өткізу мүмкіндігін алдын ала бағалауға жағдай жасайды.
Аталған тізбе ақпараттық-анықтамалық сипатқа ие және қолданыстағы заңнама талаптарын жүйелеуге бағытталған.
Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес құзырлы мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады.
Сауда және интеграция министрлігі заңнамадағы өзгерістер мен мемлекеттік органдардан түсетін ақпарат негізінде тізбені тұрақты түрде жаңартып отырады.
Айта кетейік, Қазақстанда жасанды интеллектіге негізделген бірыңғай цифрлық сауда экожүйесі құрылады.