Қазақстанда орман өртін ғарыштан бақылайтын төрт спутник бар

Фото: gharysh.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде орман және дала өрттерін ғарыштан бақылайтын төрт спутник бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат Jibek joly телеарнасына сілтеме жасап.

Олардың әрқайсысы ел аумағын күніне екі рет суретке түсіреді, қашықтан зондтау арқылы өрт ошақтары анықталады.

Спутник ұшқан соң деректер жерүсті станциясына түсіріліп, жер бетінің температурасын анықтау үшін өңделеді. Содан соң Төтенше жағдайлар министрлігіне арнайы геосервистерге жүктеледі. Олардың қабылданып, өңделіп, жариялануына 2 сағат уақыт кетеді.

«Абай облысындағы өртке келсек, бұл түсірілім 13:20-да геосервистерге жүктелді, сол сәттен бастап, Төтенше жағдайлар министрлігінде де, Экология министрлігінде де «Семей орманында» өрттің басталғаны туралы ақпарат жеткізілді», - деді «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Өскен Тойшыбеков «Жаңа уақыт» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында.

Айта кетейік, Семей орманына қаншалықты залал келгенін өрт толық сөндірілген соң арнайы комиссия есептейтін болады.

Қазіргі уақытта Абай облысында өртті сөндіру үш бағытта жалғасуда (оңтүстік, батыс және шығыс жиектер). Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізілуде.