Қазақстанда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға 21 625 теңгеге дейін айыппұл салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өрт қаупі жоғары кезеңнің басталуына байланысты қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Төтенше жағдайлар министрлігі рұқсат етілмеген жерде от жаққандарға 21 625 теңгеге дейін айыппұл салынатынын ескертті.

Фото: Pexels

ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаровтың айтуынша, мұндай бақылау жыл сайын ұйымдастырылады.

– Мамандар ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы түтін шыққан аумақтарды анықтайды. Кейін сол жерлерге барып, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіреді. Қазір тексерулер барлық өңірде жүргізіліп жатыр, - деді ол.

ТЖМ өкілдері тамақ дайындау үшін отты тек арнайы белгіленген орындарда ғана жағуға болатынын еске салды.

– Егер заңсыз от жағу алғаш рет анықталса, ескерту беріледі. Ал талап қайта бұзылған жағдайда 5 АЕК-ке дейін, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынады, - деді Ә. Жылқайдаров.

Сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңде құрғақ шөпті өртеуге, темекі тұқылы мен сіріңкені тастауға, сондай-ақ күн астында өрт тұтануына себеп болуы мүмкін әйнек сияқты заттарды қалдыруға болмайды.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов бірқатар өңірде табиғи қорықтар мен орман алқаптарында өрт тіркеліп жатқанын атап өтіп, жауапты қызметтерге жедел әрекет етуге дайын болуды тапсырған еді.