Қазақстанда өсімдік майы өндірісі артты: өсім 57%-ға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өсімдік майын өндіру көлемі жаңа маркетингтік маусымның алғашқы екі айында 39%-ға өсіп, 141 мың тоннадан асты. Әсіресе күнбағыс майы өндірісінде айтарлықтай өсім тіркелді. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Фото: Kazinform

Қауымдастықтың мәліметінше, мұндай қарқынды дамуға ықпал еткен бірнеше фактор бар. Олардың қатарында күнбағыс егіс алқаптарының кеңеюі, май өңдеу кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасындағы шикізат сатып алуға арналған форвардтық келісімшарттар негізінде ынтымақтастықтың дамуы, қайта өңдеу қуаттарының артуы және кәсіпорындардың қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілді.

Сонымен қатар қазақстандық май өнімдеріне сыртқы нарықтарда тұрақты сұраныстың болуы өндіріс өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып отыр.

Биылғы жылы Қазақстанда майлы дақылдар егілген алқаптардың жалпы көлемі (мақта егісін есептемегенде) 5,179 млн гектардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп.

— Қазіргі уақытта еліміздегі май өңдеу кәсіпорындарының жылдық жиынтық қуаты 5,4 млн тоннадан астам майлы дақыл тұқымын өңдеуге жетеді. Оның ішінде күнбағыс тұқымын өңдеу қуаты 4,6 млн тоннаны құрайды. Алайда егіс алқаптарының ұлғаюына қарамастан, кәсіпорындар әлі де шикізат тапшылығын сезініп, өндірістік қуаттарын толық пайдалана алмай отыр, — делінген хабарламада.

МДҚҰҚ өкілдерінің хабарлауынша, саланың алдағы даму бағыты шикізатты терең өңдеуді кеңейтуге және ішкі әрі сыртқы нарықтарға арналған өнім көлемін арттыруға байланысты болмақ.

Атап айтқанда, 2026–2028 жылдары май тазарту қуаттарын 2,1 есеге арттырып, жылына 1 млн тоннадан астам деңгейге жеткізу жоспарланып отыр. Ал өлшеп-оралған тазартылған күнбағыс майының өндірісін 2,4 есеге ұлғайту көзделген.

Бұдан бөлек, 2027–2028 жылдары жылдық өндірістік қуаты тиісінше 72 мың және 50 мың тоннаны құрайтын өсімдік майлары мен маргарин өндіретін екі жобаны іске қосу жоспарланған.

Аталған жобаларды жүзеге асыру Қазақстанның қайта өңдеу әлеуетін нығайтуға, қосылған құны жоғары өнім түрлерін көбейтуге және отандық май өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Қазақстан күнбағыс қауызының түйіршіктерін экспорттаудан түсетін табысты 6,15 есе арттырды. Биыл тоғыз айда Еуропа елдеріне 63,2 мың тонна өнім жөнелтіліп, экспорттық кіріс 3,4 млн долларға жетті.