ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов талқыланып отырған мәселелердің өзектілігіне назар аударды. «Министрліктің алдында тұрған бұл мәселеге Елбасымыздың өзі еліміздің дамуы жолындағы ауқымды іс деп басымдылық берді. Бұл жеделдетілген технологиялық экономиканы жаңғырту және негізгі салалардың бірі - өнеркәсіпке импульс беру арқылы келешекте шикізаттық емес экспорттың көлемін 2025 жылға дейін екі есеге ұлғайту қажеттілігі», - деп атап өтті министр.
ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, вице-министр кеңеске қатысушыларды Қазақстан Республикасындағы электронды өнеркәсіптің қазіргі жай-күйімен таныстырып, саланың еліміздегі қалыптасу жолы мен әлемдегі даму бағыттарын баяндаған.
Депутаттар және министрлік өкілдері электронды өнеркәсіпті дамытуды еліміздегі машина жасау саласындағы ғылымды қажетсінетін салалардың бірі ретінде қарастырудың маңыздылығын атап өтті. «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлері мемлекет және бизнес ортасы арасындағы диалогтық алаңның мұндай түрі отандық өндірушілермен ынтымақтастықты нығайта түсетіндігін жеткізді.