«Оның үстіне бұл көлемнің негізгі бөлігі - 55 пайызы импортталатын қант құрағынан жасалады. Қант құрағын біз Бразилия және Куба елдерінен сатып аламыз. Дайын қанттың тікелей импорты 42 пайызды құрайды. Ол Беларусь, Молдова, Польша, Украина, Бразилия мемлекеттерінен жеткізіледі», - деді Қ.Айтуғанов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетейік, импортталатын қантқа үлкен тәуелділік болғандықтан, қант бағасы шарықтап кетті. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, баға 10 пайызға жоғарылаған. Бірақ кейбір дүкендерде оның бағасы 2 есеге дейін аспандап кеткен болатын. Бұл қант шикізатының тоннасына 354 доллардан 477 долларға дейін көтерілуінен орын алды.
Сонымен қатар Қ.Айтуғанов Қазақстанда өндірістік қуат толық қолданылмай отырғандығын атап өтті. Әлеуеттің тек 37 пайызы қолданылып отыр.
Дегенмен соңғы жылдары қант қызылшасының егістік алқаптары едәуір ұлғайған. 2014 жылы Алматы және Жамбыл облыстарында қант қызылшасының алқаптары 1,2 мың гектарды құраса, биыл егістік 12,9 мың гектарды құраған.
Алғаш рет Солтүстік Қазақстанда қант қызылшасы өсіріле бастады. Шал ақын ауданында 400 гектар алқапқа қант қызылшасы егілген. Өнімді жинау басталды, гектарына 50-55 тонна қанттылығы 15-17 пайызды құрайтын қант қызылшасы жиналады деп болжануда.
«2015 жылдан бері қант қызылшасын сатып алуға кеткен шығын мемлекетпен субсидияланады. Бүгінде қант зауыттары қызылшаны келісіне 14 теңгеден сатып алады, оның 6 теңгесін мемлекет субсидиялайды», - деді вице-министр.