Қазақстанда отбасылардың әл-ауқаты қалай бағаланады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы арқылы 6,2 млн отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы бағаланып отыр. Жүйе әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтау үшін табыс пен мүліктен бөлек, отбасы құрамын және тұрмыс жағдайын да ескереді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

2023 жылдан бері жұмыс істейтін Отбасының цифрлық картасы бүгінде шамамен 20,4 млн адамды қамтиды. Ол 30 цифрлық жүйедегі мәліметтерді пайдаланып, қажетті ақпаратты автоматты түрде жинақтайды.

Министрлік мәліметінше, отбасылардың жағдайы екі негізгі бағыт бойынша бағаланады. Олар – материалдық әл-ауқат және өмірлік жағдайлар.

Материалдық әл-ауқатты анықтау кезінде тұрғын үй, автокөлік, жер учаскесі, коммерциялық жылжымайтын мүлік, кәсіпкерлік қызметке қатысу және кредиттік жүктеме ескеріледі.

Бұл ретте мүліктің болуы ғана емес, оның сипаттамалары да маңызды. Мәселен, пәтері, автокөлігі немесе шағын жер учаскесі бар отбасы міндетті түрде ауқатты санатқа жатқызылмайды.

– Сонымен қатар жүйе отбасы мүшелерінің жасын, балалары, мүгедектігі бар және созылмалы аурулары бар адамдардың болуын, сондай-ақ отбасының әлеуметтік жағдайына әсер етуі мүмкін өзге де өмірлік мән-жайларды ескереді. Мысалы, екі отбасының табысы бірдей болғанымен, олардың тұрмыс жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Бір отбасында ата-ананың екеуі де жұмыс істесе, екіншісінде барлық отбасы мүшесін асырайтын тек бір адам. Оның үстіне отбасында кішкентай балалар немесе қосымша күтім мен шығынды қажет ететін мүгедектігі бар адамдардың болуы да қарастырылады, – делінген министрлік ақпаратында.

Жинақталған деректер негізінде әр отбасының әл-ауқат деңгейі бес санаттың біріне жатқызылады: жоғары, ауқатты, қанағаттанарлық, экономикалық осал немесе экономикалық және әлеуметтік осал.

Отбасының жағдайы цифрлық жүйелерден келіп түсетін жаңартылған мәліметтер негізінде тұрақты түрде қайта бағаланады.

Министрліктің түсіндіруінше, Отбасының цифрлық картасының басты мақсаты – әр отбасының нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтап, өмірлік мән-жайларын ескере отырып, қажетті мемлекеттік қолдауды ұсыну.

Айта кетейік, бұған дейін Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер қате көрсетілген жағдайда азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жүгіне алатыны хабарланған болатын. Деректер түзетілгеннен кейін отбасының әл-ауқат санаты келесі бағалау кезінде қайта есептеледі.