Қазақстанда өтетін сапарым екі елдің жақындасуына тың серпін береді деп сенемін - Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ

None
АСТАНА-ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ еліндегі ірі компаниялардың өкілдерімен бірге Орталық Азияға алғашқы турнесін өткізбек. Қазақстанға жапондық премьер осы дүйсенбіде келеді. Астанаға сапары қарсаңында С. Абэ «ҚазАқпарат» ХАА-ға сұхбат беріп, Жапония мен Қазақстанның, сондай-ақ жалпы Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықтың басымдықтары мен болашағы жайында әңгімелеп берді.

- Орталық Азияның бес еліне сапармен бару шешімін қабылдау кезінде қандай мақсаттарды көздедіңіз? Жапондық-қазақстандық қатынастардың жағдайы мен перспективаларын қалай бағалайсыз?

- Атап айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен үш мәрте маңызды халықаралық шараларда кездесіп, пікір алмасқан болатынбыз. Осы кездесулердің әрқайсысында Президент мені Қазақстанға сапармен келуге шақырған болатын. Елдеріңіздің көркем елордасы Астанаға менің алғашқы сапарыма орай қуанышқа бөленіп отырмын.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан мен Орталық Азияның өзге де елдерін Жапония жүйелі түрде қолдап отырды, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту мен кадрларды даярлау және басқа да салаларға мән бердік. Сонымен бірге Жапония өңірде тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету үшін қажетті аймақтық ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2004 жылы өңірдің елдерімен бірлесе «Орталық Азия + Жапония» диалогын құрды.

Елдердің алдында көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, тауар айналымды өсіру, су және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, есірткінің таралуына тосқауыл қою, шекаралық қадағалауды күшейту және өзге де қазіргі заманғы мақсат-міндеттер тұр. Осындай жағдайда Орталық Азиядағы бес мемлекеттің әрбір басшысына Жапонияның саясаты өзгермейтінін және өңірдің дамуына әрі қарай қолдау жасауға дайын екенімізді айтпақпын. Дәл осындай мақсатпен бұл сапарды жасауға шешім жасадым. Яғни, Жапония Премьер-министрінің өңірдегі барша бес елге тарихтағы бірінші туры болып табылады.

Менің бұл өңірмен тікелей танысуым, қазіргі кезде жоғары деңгейдегі қатынастарды түпкілікті нығайта түсуге ықпал етеді деген үміттемін.

1992 жылдың қаңтарынан Жапония мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері байланыстарымыз қарқынды әрі кедергісіз дамып келе жатқанын қуанышпен жеткізгім келеді.

Біздің ынтымақтастық бірінші кезекте ядролық қарусыздану мен оны таратпау мақсатындағы халықаралық аренадағы бірлескен күш-жігермен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары Қазақстан нарығына табиғи ресурстарды барлау мен өндіру және өнеркәсіптік салада жапондық компаниялар белсенді түрде жылжуда.

Жапония мен Қазақстан азаматтары екі ел арасында маңызды қызметтеріндегі тәжірибелерімен бөлісуде. Мысалы, қазақстандықтар арасында Астананың бас жоспарының авторы, атақты жапондық сәулетші Кисё Курокава кеңінен танымал. Сонымен қатар Қазақстанның мақтанышы әрі көшбасшы жоғары оқу орны болып табылатын Назарбаев Университетінің ректоры ретінде жапондық Шигео Катсу мырза қызмет етуде.

Мұнымен қоса, жақында жапондық клубқа қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова ауысты. Ол өзінің спорттық қабілетімен қатар, әдемілігімен де барша әлемнің назарын аудартты. Алтынбековаға біздің елде спорттық мансабында сәттілік тілеймін.

Жалпы, Қазақстанда өтетін менің сапарым екі елдің жақындасуына тың серпін береді деп сенемін.

- Жапонияның Премьер-министрі ретінде елдің дамуы жолында бұдан әрі қарай қалай басқаруды жоспарлап отырсыз? Сіздің жеке өміріңіз жайында тоқталсаңыз? Сіздің хоббиіңіз жайында және ұнататын спорт түрі туралы айтып берсеңіз?

- Үш жыл бұрын мен сайлаушыларға «Жапонияны қалпына келтіру» уәдесін бере отырып, билікке қайта оралдым. Сол уақыттан бері өзімнің сөзімде тұру үшін барлық күш-жігерімді жұмсап келемін.

Осы жылдары мен жүргізіп отырған «Абэномикс» экономикалық саясаты оңтайлы нәтижелерді беріп отыр. Яғни, бұл тұрғыда миллионнан астам жұмыс орны құрылды, екі жыл қатарынан еңбекақы көлемі өсті және биылғы көктемде соңғы 17 жыл ішіндегі ең жоғары өсім тіркелді. Біз бұл фактілер арқылы дефляцияны еңсеру үшін, енді соңғы қадамды жасауды қажет ететін кезеңге жеттік.

Енді бізден қол жеткізілген нәтижелерден асып түсу талап етілуде. Ішкі жалпы өнім көлемін ең жоғары көрсеткіштерге жеткізу үшін «Абэномиксті» белсенді түрде алға жылжытуды көздеп отырмын.

Мен ұзақ жылдар бойы шешілмеген құрылымдық проблемалармен табанды түрде күресемін.

Барша адамдар, яғни қарттар мен жастар, әйелдер мен ерлер, емделмейтін дерттері бар адамдар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің белсенді рөлін атқарып, алға қарай тағы қадамдар жасауға қауқарлы болатын қоғамды құрамыз.

Бұндай қоғамды құру үшін екі маңызды мақсатты көздеп отырмыз. Атап айтқанда, туудың жалпы коэффициентін 1,8-ге арттыру, ауру және қарт адамдарды күту қажеттілігінен жұмыстан кету оқиғаларына жол бермеу мақсатын қойдық.

Саяси тұрақтылық экономиканы қалпына келтіруге және дипломатиялық жолдармен мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз етуде жақсы алғышарт болып табылады. Мен осы екі мақсатқа қол жеткізу үшін, сондай-ақ саяси тұрақтылық негізінде жарқын болашаққа үміттенген жаңа мемлекетті құруда өзімнің барша күш-жігерімді салуға ниеттімін.

Менің жеке уақытымды қалай өткізетіндігім мен ұнанататын спорт түрі жайында сұрақ қойылды. Менің алғашқы премьерлігім кезендегі тәжірибеме сүйене отырып, басшы үшін маңызды міндет - өзіңнің рухани жан сезімің мен денсаулық жағдайыңа мән беру. Мен бос уақытымда гольф ойнаймын және денсаулық жағдайын жақсарту үшін өзге де пайдалы шараларға қатысамын.