Қазақстанда өткен 6 айда ана өлімі 15,1 пайызға төмендеді - Денсаулық сақтау министрлігі
Аталған мерзім ішінде ана өлім-жітімі басқа өңірлерге қарағанда Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында көбірек орын алған. Барлық жағдайлар бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті қадағалау комитеті тәуелсіз сарапшыларды, республикалық ғылыми орталықтардың мамандарын тарта отырып, сараптама жүргізді. Оңтүстік өңірлердегі жағдайды ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі екі мәрте ана өлім-жітімін төмендету бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөнінде штаб құрып, босану қызметін тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін медициналық ұйымдардың жетекшілеріне қатысты қатаң шаралар қабылдады.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті қадағалау комитеті барлық оқиғалар бойынша медициналық қызметкерлер мен емдеу мекемелері басшыларының іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін тексеру материалдарын құқық қорғау және прокуратура органдарына жолдады.
Жалпы, 2013 жылдың 6 айында тексеру нәтижелері, азаматтардың арыз-шағымдары бойынша медициналық қызметкерлер мен емдеу мекемелерінің басшыларына қатысты 67 тәртіптік шара қолданылып, оның ішінде 19 қызметкер жұмыстан шығарылды.