Қазақстанда өткен хакатон жас IT мамандарға жаңа серпін берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жас IT мамандары мен технологиялық қоғамдастығы әлемдік рекорд орнатты. Астанада өткен 'AI Month' аясында HackAlem AI хакатоны қатысушылар саны бойынша ресми түрде Әлемдік Гиннестің рекордттар кітабына енді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұған дейінгі рекорд былтыр желтоқсанда Үндістанда Google компаниясы ұйымдастырған хакатонда орнатылып, оған 2 089 адам қатысқан болатын. Ал Астанадағы хакатонға қатысқан 2 415 жас маман мен студент бұл көрсеткіштен асып түсіп, еліміздің технологиялық әлеуетін бүкіл әлемге паш етті. GUINNESS WORLD RECORDS ресми төрешісі Гленн Поллард нәтижені ресми түрде жариялады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл туралы Astana Hub Кеңес мүшесі — Айдана Қасқырбек Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.

Елде жасанды интеллект бағытындағы хакатондар бірнеше жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді екен.

- Рекордты шара бір күнде ұйымдастырылған жоба емес. Оған дейін үш жыл бойы еліміздің әр өңірінде хакатондар өткізіліп, жас IT мамандардың тәжірибе жинауына жағдай жасалған. Бұл өте ауқымды іс-шара болды. Мұндай шаралар бір реттік жоба емес. Оған дейін үш жыл бойы еліміздің әр өңірінде хакатондар өткізіп келдік. Осы уақыт ішінде Қазақстанда хакатон мәдениеті қалыптасты. Сондықтан бұл рекордты орнатуға шамамыз жетті деп айта аламын, — деді ол.

Іс-шараға қатысушылардың басым бөлігі Қазақстаннан келген. Сонымен қатар 21 мемлекеттен қатысушылар тіркелген. Ұйымдастырушылар бұл көрсеткіш жастардың, әсіресе IT саласы мамандарының жасанды интеллектке деген қызығушылығы жоғары екенін көрсететінін атап өтті.

- Гиннестің рекордын орнату үшін қатысушыларға қойылатын талаптар да жоғары болған. Дайындықпен қатар, белгіленген қатаң ережелерді сақтау қажет еді. Гиннестің рекордына ену оңай емес. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Уайым да болды. Логистика жағынан да көптеген қиындық кездесті. Бірақ бұл рекорд Қазақстандағы адами капиталдың жоғары әлеуетін көрсетті, — деді Айдана Қасқырбек.

Шарадан кейін халықаралық ірі компаниялардың хакатондарға қызығушылығы артқаны байқалған. Сонымен бірге жас IT мамандарына қолдау көрсетуге ниетті демеушілерден де ұсыныстар түскен.

- Әлемдік ірі компаниялардың хакатондарға деген қызығушылығы артты. Жас мамандарға деген көзқарас та өзгерді. Бізге демеуші болғысы келетін, жастарды қолдауға ниетті жандардан көптеген ұсыныс түсті, — деді спикер.

Ұйымдастырушыларды қатысушылардың жобаларын әрі қарай дамытуға деген ынтасы да қуантқан.

- Ең қуантатыны — қатысушылардың өздері әзірлеген жобаларды әрі қарай дамытқысы келетінін айтып, үлкен талпыныс танытуы. Жастарға мамандар тарапынан қолдау көрсетілді. Яғни бұл шарада сан да, сапа да болды, — деді ол.

Айта кетейік, жақында астаналық 4 педагог халықаралық хакатон жеңімпазы атанды.