Қазақстанда ойын мекемелерінің саны 50 еседен артық қысқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда ойын мекемелерінің саны 50 еседен артық қысқарып, ойын бизнесі туралы заңнамаға 62 түзету әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Ашық көздерден алынған фото

Жыл басынан бері министрлік ойын бизнесі саласындағы 6 лицензияның күшін сот тәртібімен тоқтатты. Осыған ұқсас тағы 7 ұйымға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, 2022 жылы мемлекеттік бақылау аясында жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, 7 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 1 ойын автоматтары залы лицензиядан айырылды, бірінші инстанция соттың шешімімен үш залдың қызметі тоқтатылды, 6 әкімшілік айыппұл салынды. Алдын алу жұмыстарының қорытындысы бойынша 15 букмекерлік лицензияның күші жойылды.

Министрліктің тікелей қатысуымен ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға, сондай-ақ ілеспе нормативтік-құқықтық актілерге 62 түзету енгізуді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді. Бұл шаралар заңнаманы бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуге, жағымсыз әлеуметтік және экономикалық салдардың алдын алуға және ескертуге бағытталған. Құмар ойындарға тәуелдік мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

Мемлекет кезең-кезеңімен іске асатын шешімдерді қабылдай отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейтеді. Мәселен, Қазақстанда ойын мекемелерінің саны 50 еседен астам қысқарды. Бұған дейін елде 140-қа жуық казино және 2 мыңнан астам ойын автоматтары залы болған. Бүгінгі таңда 39 лицензияланған мекеме қалды: 6 казино, 10 ойын автоматтары залы, 17 букмекерлік кеңсе, 6 тотализатор. Министрлік депутаттар тобымен бірлесіп заңсыз ойын бизнесімен және құмар ойындардың таралуымен күресу бағытында қосымша заңнамалық шаралар әзірлеп жатыр.