Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.
Оның атап өтуінше, аталған институтты құру Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларын орындау аясында қолға алынбақ.
«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына, нақты айтқанда, 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін, егер медицина қызметкері тарапынан салақтықпен немесе жүрдім-бардым қарау болмаса, азаматтың денсаулығына нұқсан келтіргені үшін дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде қамсыздандыруды енгізу жөніндегі мәселені тапсырған болатын», - деп ескертіп өтті ол.
Адам өліміне әкелетін қиын жағдайларды білікті объективті бағалау жүйесін енгізу қажеттігін баса айтқан министр: «Барынша танымал әлемдік тәжірибе мен өзара сақтандыру қоғамын қалыптастыру тұжырымдамасына негізделген өзара сақтандыру және медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі институтын құру қажет», - деді.