Қазақстанда өзімді жат сезінген емеспін - волейболшы Кристина Устинова

Фото: instagram.com/krisik___karapetyan
АСТАНА. ҚазАқпарат – Волейболшы Кристина Устинова Қазақстан құрамасында өнер көрсете бастаған сәтте көпшіліктің назарын бірден өзіне аударған еді. Ол келбеті келіскен, мықты, өршіл спортшы ретінде жұртшылықтың жадында қалды. Кристина әлеуметтік желіде де белсенді. Өміріне қатысты сәттерді жиі бөлісіп, қызықты видеолар да түсіреді. Өкінішке қарай, спортшы 2020 жылы жарақат алып, үлкен спортпен қош айтысуға мәжбүр болды. Дегенмен, біраз уақыт өткеннен кейін ол волейболмен қайтадан айналысуға бел буып отыр. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Кристина алдағы жоспарлары жайлы айтып, Қазақстан құрамасында ойнаған кезін еске алды. Жеке өміріне қатысты жайттарға да тоқталды.

- Кристина, спорттың басқа түрін емес, дәл осы волейболды таңдауыңызға не себеп болды?

- Анам волейболмен айналысқан еді. Оның ересектер арасында бірінші разряды бар. Кішкентай кезімде анаммен бірге жаттығуларға барып, ойын барысын тамашалап отыратынмын. Мен бәрінен бұрын құлау мен топтасуды үйренгім келді. Өйткені, бұл мен үшін өзекті тақырып болғаннан кейін де шығар. Себебі бала кезімде аяғымның астына қарамай, үнемі құлап, шынтағым мен тіземді жиі жарақаттап алатынмын. Бірақ, волейбол ең бірінші кезекте физикалық күштің, әйел сұлулығының, эмоция мен сымбаттың үйлесімі деп санаймын. Меніңше, бұл – қыздар арасындағы спорттың ең нәзік командалық түрі.

- Қазақстан құрамасында ойнаған кезіңіз несімен жадыңызда сақталып қалды?

- Қазақстан құрамасы сапында не бәрі 1 маусым ғана ойнадым. Әрине, ол менің жүрегімде де, жадымда да сақталады. Өйткені, ірі жарыстарға – 2018 жылы Жапонияда өткен волейболдан әлем чемпионатына, сол жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия ойындарына қатыстым. Қателеспесем, Азия ойындарында 8 команданың ішінде 5-орын иеленсек, Әлем чемпионатында топтан да шыға алмадық. Бір қызығы, 5 жылдан соң, осы жылдың наурызында Кипрде Кения құрамасының ойыншысымен бір командада жаттықтым. Оның аты – Ноэль. Тек 2-3 жаттығудан кейін біз бір-бірімізді еске түсірдік.

- Неліктен Қазақстан құрамасына ауысу туралы шешім қабылдадыңыз?

- Ресей азаматтығын Қазақстан азаматтығына ауыстырып, Республика құрамасы сапында ойнау туралы ұсынысты Жетісу волейбол клубындағы маусым аяқталғаннан кейін, 2017 жылы алған едім. Ол кезде команданың да, құраманың да бапкері Вячеслав Николаевич Шапран еді. Бір сәт те ойланбастан бірден келісім бердім. Бұл жоғары деңгейдегі командалармен бір алаңда кездесудің үлкен мүмкіндігі еді. 2016 жылға дейін Қазақстан волейболы жайлы ештеңе естімеген едім. Бірақ, келген кезімде кейбір таныс волейболшылардың осы жерде ойнап жүргенін көрдім.

- Қазақстан волейболы, біздің жаттықтырушылар жайында не айтар едіңіз? Мүмкін өзіңіздің ойыңызды ортаға саларсыз...

- Қазақстан волейболы жайлы ойымды өзімде қалдырғым келеді. Себебі, кейбір адамдардың көңілінен шыға қоймас. Тек, бір фактіні айтайын. Өкінішке қарай, жоғары лиганы білмеймін, ал ұлттық лига волейболшылары Волейбол федерациясы тарапынан мүлдем қорғалмаған. Кейбір клуб жалақыны жиі төлемейді. Бұл тіпті дағдыға айналып кеткені соншалық, ойыншылар өз ақшасын талап етпейді. Себебі, пайда жоқ. Жалақыны кешіктіргені үшін клубқа ешқандай айыппұл салынбайды. Бұған қоса, барлық клубта бірдей спортшыларды қалпына келтіру және фармакология тиісті деңгейде емес. Споршылар уақытылы алмайтын жалақыларына, яғни өз ақшасына дәрумендер, дәрі тамызғыш сатып алып, массажға барады. Мен ойнаған үш клубтың біреуі ғана жалақыны тұрақты төлеп тұрды. Ол – Жетісу клубы.

Жаттықтырушыларға келер болсам, бір жағынан бұл арзымайтын жұмыс. Бәріне бірдей жақсы болу мүмкін емес. Өкінішке қарай, Светлана Юрьевна Котовамен арамыз суып, жақсы емес нотада айырылыстық. Бірақ, кезінде Қазақстанға келуіме, ойын өрнегімді паш етуге сол кісі себепкер болған еді.

Әрине, Вячеслав Николаевич Шапран бар. Бүгінде оның бұл өмірде жоқ екеніне әлі де сену қиын. Дәл сол кісі мені құрамаға шақырды. Оның жетекшілігімен Жетісуда бір маусым өнер көрсеттім. Онымен де маусым соңында бір-бірімізді түсінісе алмай, жылы қоштаса алмаған едік. Ол өмірден озғаннан кейін ғана оның маған деген қарым-қатынаысын ой елегінен өткіздім. Алайда кешірім сұрауға немесе алғысымды білдіруге кеш қалдым. Мен ол жайында деректі фильм түсіргім келеді. Себебі, Вячеслав Николаевич - ол жайындағы естелік мәңгі жадымызда сақталуына лайық тұлға. Бірақ, аталған фильмді түсіруге қаражат таппадым. Мүмкін осы маусымнан кейін алға қойған мақсатымды орындау үшін жеткілікті қаражат тауып қалармын.

- Қазақстанда бәрінен бұрын не ұнады? Қазақ тілін үйреніп жүргеніңізді, біздің мәдениетіміздің ұнайтынын айтқан едіңіз. Өз тәжірибеңізді айтып өтсеңіз...

- Бұл жерде өзімді жат адам сезінген емеспін. Ең алдымен қазақ халқының қонақжайлығы ұмытылмас әсер қалдырады. Мен ұлттың мәдениеті мен әдет-ғұрпына бойлап, қазақ тілін үйрене бастадым. Дегенмен, меніңше, мұны кеш бастаған сияқтымын. Азаматтық алғаннан кейін 6 жыл тұрған елде тек сонша уақыттан кейін ғана ес жиыппын. Бұл менің кемшілігім деп ойлаймын. Өмір сүріп жатқан елдің ана тілінде сөйлей бастаған кезде, сол жерде тумасаң да жергілікті ұлтпен туыстығыңды сезінесің.

- Спорттық мансабыңызды жарақатыңызға байланысты аяқтағаныңызды білеміз. Спортпен қош айтысу қиын болмады ма?

- 2020 жылдың ақпанында Алтай клубымен ойын барысында оң тіземнің алдыңғы айқыш сіңірін үзіп, жарақат алдым. Екі аптадан кейін Самарада ота жасаттым. Күйзеліске түстім. Ойынға қайта оралам ба, жоқ па білмедім. Менімен кім келісімшарт жасасқысы келе қояды? Жарақат алғаннан кейін көпшілігі қорқақтайды. Оның үстіне сол уақытта БАҚ-ты тарта отырып, жалақыға қатысты берешек бар екенін жұртшылыққа жария етіп, жалақы үшін күресіп жүрген ойыншы едім.

- Спорттық мансап жолыңызды аяқтағаннан кейін немен айналыстыңыз?

- Үзіліс кезінде көзім түскен дүниенің бәрімен айналысып көруге шешім қабылдадым: сән мектебі, фитнес жаттықтырушы, йога нұсқаушы, тета-практик, коучинг, журналистика курсы, тележүргізуші курсы, СММ-менеджер, таргетолог, шешендік өнер, копирайтер. Қызығы, бастапқыда мен мұның бәрін ақша табу үшін, ал одан кейін өзгелерді үйрету үшін оқыдым. Нәтижесінде бұл дағдылардың бәрін хобби ретінде қолданып жүрмін.

- Спортқа оралу жоспарыңызда бар ма?

- Мен спортты қайтадан байқап көруге шешім қабылдадым. Кипрдің «Аполлон» волейбол клубымен келісімшартқа қол қойдым. Ол Кипр чемпионатының үздік үштігіне кіреді. Сонымен қатар кубокта екінші орын алған. Қазір Кипрдемін. Блогымды дамытып, маусым басталғанға дейін жаттығу жиындарында балалар бапкері болып жұмыс істеп жүрмін.

- Әлеуметтік желіде белсендісіз. Осынау танымалдықты қалай сезінесіз?

- Танымалдық әр күні әртүрлі сезіледі. Бір жазбаны жұртшылық қолдап, енді біреуі агрессия тудыруы мүмкін. Сонымен қатар ренжіген адамдар Direct-ке жазып жатады. Бірақ, қазір оған үйреніп алдым. Егер бұрынырақ әрқайсысына жауап беріп, әңгімені бейбіт арнаға бұруға ұмтылсам, қазір жазылушылармен мұндай хат алмаспауға тырысамын.

- Үлкен спортқа оралғаннан кейін алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?

- Мен алдыма ешқандай мақсат та, міндет те қоймаймын, жетеді. Тек ойнап, содан ләззат алғым келеді. Ешкімге ешнәрсені дәлелдегім келмейді. Қазақстанда ойнағым келмегенінің ең басты әрі негізгі себебі - осы. Бұл жақта мені ешкім білмейді, танымайды. Жарақат алғанға дейін қалай ойнағанымды ешкім көрмеген. Олар еш нәрсемен салыстыра алмайды. Жанкүйерлер мен волейболға қатысы бар өзге де адамдардың тарапынан психологиялық қысымсыз формаға келуім оңай болады.

- Спортты енді бастаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Кез келген кәсіпқой спорт – бұл тек қана физикалық белсенділік емес. Кейде жарақат та алып, уақыт өте келе бәрін тастап кеткің келетін кездер болатынын түсіну маңызды. Өйткені, шаршайсың. Балалық шақ болмайды, тез есейесің. Бірақ, мұның бәрінің бір үлкен плюсі бар – саяхаттау мүмкіндігі, қызықты адамдармен танысу, тек кітап арқылы ғана емес, сонымен өзің көзбен көру арқылы ой-өрісіңді кеңейту. Ата-аналарға өз баласын қай жаттықтырушыға беретінін жіті бақылап отыруға кеңес беремін.

- Сұхбатыңызға рахмет!