Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжлісінде «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңның жобасын таныстырған кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
М.Әшімбаев таныстырған Заң жобасында Заң нормаларының күші қолданылатын ақпарат иеленуші субъектілердің тізбесі мен ақпаратқа қол жеткізу тәсілдерін кеңейту ұсынылған. Атап айтқанда, ҚР Парламентінің немесе оның палаталарының, ҚР облысының, республикалық маңызы бар қаласының, астанасының жергілікті өкілді органдарының ашық отырыстарын және мемлекеттік органдардың жыл қорытындысы бойынша өткізілетін алқа отырыстарын интернет-ресурстарда онлайн трансляциялау арқылы қамтамасыз ету ұсынылып отыр.
«Бұл норма Парламент үшін, мәслихат үшін және мемлекеттік органдардың қорытынды алқа отырыстары үшін міндетті»,- деді ол.
Сонымен қатар депутат БАҚ өкілдерінің осыған дейін Парламент өз отырыстарын тікелей көрсеткенімен кейіннен оны алып тастағанына қатысты сауалына жауап берді.
«Мәселе техникалық тұрғыда туындауы мүмкін. Бірақ, заң жобасында Парламент отырыстарының ашықтығы айтылған. Мұның барлығы да транслацияланады және барлығы Парламент отырыстарын онлайн-режімде көру мүмкіндігіне ие болады», - деді депутат.