Қазақстанда парник газдарының шығарындылары үшін квота саудасының Ұлттық жүйесі қалыптасты

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат -  Қазақстанда парник газдарының шығарындылары үшін квота саудасының Ұлттық жүйесі қалыптасты.

  Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Киото хаттамасын Қазақстанда жүзеге асыру механизмдері» тақырыбында өткен конференция барысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров  мәлім етті.

«Қазақстан парниктік газдардың шығарындыларын реттеу мен шектеу қажеттігіне байланысты өзіне толық жауапкершілікті сезінеді. Осыны ескере отырып, біздің министрлік парниктік газдарға ішкі сауда квоталары жүйесін құру жөніндегі белсенді жұмысты жалғастырып келеді. Біздің ойымызша, шығарындыларды шектеу мен квоталарды саудалаудың ұлттық жүйесі - Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу стратегиясындағы маңызды бөліктердің бірі», - деді министр Н. Қаппаров. Министрдің айтуынша, осы бағытта бүгінгі таңда қажетті заңнамалық түзетулер мен заңға тәуелді актілердің бәрі қабылданған. Бұнымен қоса, парникті газдар шығарындылары үшін салық төлемдері жүйесін енгізу туралы да шешім қабылданды.