Қазақстанда пациенттердің шағымы бойынша 1104 жоспардан тыс тексеру жүргізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қазақстанда пациенттердің шағымдары негізінде медициналық қызмет көрсету саласында мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Kazinform сауалына берген жауабында айтып берді.

Фото: pexels

Комитет төрағасының орынбасары Жандос Әділханның мәліметінше, ведомство медициналық қызмет көрсету саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізеді. Ал медициналық қызметтердің сапасы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеріледі.

– 2026 жылдың 1 жартыжылдығында Комитет пациенттердің шағымдары бойынша жоспардан тыс 1104 тексеру жүргізді, сөйтіп 481 субъектіге қатысты әкімшілік айыппұл салынды, анықталған бұзушылықтар бойынша 783 нұсқама берілді, - деді спикер.

Сонымен қатар өңірлерде заңсыз медициналық қызмет көрсету жағдайларын анықтау бойынша мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Оған әкімдіктер жанындағы қоғамдық мониторингтік топтар тартылды. Мониторинг барысында тәуелділігі бар адамдарды емдеу және оңалту қызметтерін көрсететін 154 нысан, сондай-ақ 356 емшара кабинеті тексерілді, - деді ол.

Медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау тетіктері де күшейтілгенін де атап өтті. Мәселен, 2025 жылы Комитетке жедел ден қою шараларын қолдануға мүмкіндік беретін қадағалау функциясы берілген. Соның аясында ведомство белгілі бір жағдайларда субъектінің қызметін уақытша тоқтата алады. Сондай-ақ оның сөзінше, медицина қызметкерінде қажетті рұқсат құжаттары болмаса, оны кәсіби қызметтен шеттету шарасы қолданылуы мүмкін.