Қазақстанда Pfizer вакцинасын қанша адам салғызды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев халықты КВИ-ге қарсы вакцинамен қамту жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. Бірінші компонентпен 8,9 млн астам адам егілді, осылайша вакцина салынуы тиіс ересектердің 78,3%-ы қамтылды, екінші компонентпен 8,4 млн астам адам егілді, бұл – вакцина алуға тиісті ересек тұрғындардың 73,8%-ы. Жалпы Қазақстан халқы бойынша бірінші компонентпен қамту – 48,1%, екінші компонентпен қамту – 44,5% көрсетті», - Жандос Бүркітбаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, Comirnaty (Pfizer) вакцинасымен бүгінгі күні 235 117 адам вакциналанды, оның ішінде 187 315 жасөспірім және 47 786 жүкті және бала емізетін әйелдер бар. Екінші компонентін - 66 017 адам салдырған.

«Вакциналау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта Қазақстанның 303 мың азаматы ревакцинацияланды», - деді Ж. Бүркітбаев.

Айта кетейік, әлем елдері бойынша, Қазақстан КВИ-ге қарсы вакциналау бойынша 208 елдің ішінде 103-орында тұр.

Тамыз айынан бері Қазақстанда КВИ жағдайлары 16 есеге төмендеген.