Қазақстанда полиомиелит бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда полиомиелит бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, балаларды иммундаумен қамту 2009 жылы 98,6 пайызды құрады.

Бұл туралы қазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазіргі кезде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті жанынан республикаға полиомиелит ауруы жағдайларының әкелінуі мен таралуын болдырмау бойынша іс-шараларды үйлестіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және ЮНИСЕФ-тің елдік кеңселерінің қызметкерлері енгізілді», делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Баспасөз қызметінің хабарлағанындай, 2010 жылғы сәуірдің 26-да жұмыс тобының бірінші отырысы өткізіліп, Қазақстанның аумағына жабайы полиовирустың әкеліну жағдайына іс-әрекет жоспары әзірленді.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне елдегі жіті енжар параличке (ЖЕП) эпидемиологиялық қадағалау шараларын күшейту туралы тапсырма берді. Жұмыс тобы Қазақстандағы жіті енжар параличке, сондай-ақ жабайы полиовирустан болған ЖЕП жағдайы тіркелген елдерде туындап отырған эпидемиологиялық жағдайға апта сайынғы эпидемиологиялық мониторинг жүргізуде. Полиомелитке қарсы егілген балалар анықталуда, бұл дертке қарсы егілмеген балалар анықталған жағдайда, олар профилактикалық егумен қамтылатын болады», делінген таратылған хабарламада.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2002 жылдан бастап Қазақстанды полиомиелит ауруы таралмаған аумақ деп жариялаған болатын.