Оның мәлімдеуінше, заң күшіне енгеннен кейін психологиялық қызмет көрсететін мамандардың барлығы құжаттарын ұсынып, тиісті білімін растауға тиіс. Бірыңғай тізілімге тек профильдік білімі мен біліктілігі расталған психологтар енгізіледі.
Реестрде маманның дипломы, кәсіби біліктілігі және біліктілікті арттыру туралы мәліметтері көрсетіледі. Сондай-ақ әр психологқа жеке сәйкестендіру нөмірі беріліп, оны әлеуметтік желідегі немесе өзге онлайн платформалардағы парақшасына орналастыру мүмкіндігі қарастырылады.
Осы сілтеме арқылы азаматтар психологтың кәсіби даярлығы мен біліктілігін оңай тексере алады. Сарапшының айтуынша, психология саласында үздіксіз білім алу маңызды болғандықтан, маманның кәсіби дамуы туралы ақпарат та қолжетімді болмақ.
Әлия Мәмбеталинаның пікірінше, бірыңғай тізілім психологиялық қызмет көрсету нарығын реттеуге және арнайы білімі жоқ адамдарды кәсіби психологтардан ажыратуға мүмкіндік береді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекеттік тізілімге енгізілмеген мамандар психологиялық көмек көрсетуге және өзін психолог ретінде таныстыруға құқылы болмайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін, Сенат «Психологиялық қызмет туралы» заңды мақұлдаған болатын.