Қазақстанда референдум алдындағы «тыныштық күні» басталды

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстанда референдум қарсаңындағы «тыныштық күні» басталды.

Сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт жұмыстары кезеңі аяқталып, 14 наурызда ресми түрде «тыныштық күні» тәртібі күшіне енді. Осы уақыттан бастап және дауыс беру күні де – 15 наурызда кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады («Референдум туралы» Заңның 7-бабы).

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, референдумға бір күн қалғанда жаңа Конституция жобасын қолдайтын немесе оған қарсы қандай да бір материалдарды орналастыруға тыйым салынады. Дауыс беру күні де сауалнама нәтижелерін жариялауға тыйым салынады. Бұл үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Осы ретте кез келген үгіт-насихат заңға қайшы саналады.

Мәселен, тыныштық күні мен референдум күнінде әлеуметтік желідегі репосттар үгіт-насихат ретінде саналуы мүмкін. Бұл ретте осындай заңсыз әрекетке жол берген жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде әлеуметтік желі қолданушылары жауапқа тартылады. Өз кезегінде, бұрын интернет-ресурстарда орналастырылған үгіт-насихат материалдары, сайттың басты бетіне шығарылмай, бұрынғы орындарында сақталуы қажет. Сондай-ақ, референдум күні, өткізу талаптары, дауыс беру тәртібі және басқалары туралы түсіндірме сипаттағы бұрын орналастырылған ақпараттық материалдар, жарнамалық баннерлерді қоса алғанда, бұрынғы орындарында қалуы қажет.

Фото: ҚР ОРК

Еске салсақ, 11 ақпан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Комиссияның жаңа Конституция жобасы бойынша атқарған жұмысы туралы мәлімет берілді.

Осы орайда Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.

Атап айтқанда, биыл 12 ақпанда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланды.

Республикалық референдумда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылады.

Жалпы, елімізде референдум күні 10,4 мың учаске жұмыс істейді.