Қазақстанда репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша тегін кеңес беретін телефон желісі жұмыс істей бастады

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАҚпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстанда репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша тегін кеңес беретін телефон желісі жұмыс істей бастады.

Желінің 9898 нөміріне Kcell және Activ абоненттері үшін қоңырау шалу - тегін.

Бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» РҚБ-ның президенті Раушан Сәрсенбаева атап көрсеткендей, телефон желісінде таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін отыратын арнайы дайындалған төрт оператор, отбасын жоспарлау, жастар мен жасөспірімдер арасында жасанды түсіктерді азайту, оларға адамгершілік-жыныстық тәрбие беру, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу және тағы да өзге сұрақтар бойынша кеңестер беретін болады.

2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған жоба бір жыл бойы жұмыс істемек.