Оның сөзінше, мұндай істер азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және тұтынушылардың құқығын тиімді қорғау үшін бақылауға алынған.
Резонанстық істер үш негізгі өлшем бойынша анықталады. Атап айтқанда, тұтынушыға келтірілген шығын көлемі 5 млн теңгеден асса, бір мәселе бойынша бес және одан көп адамның құқығы қорғалса немесе азаматтардың құқығы жаппай бұзылған жағдайда сотқа талап арыз берілсе, іс арнайы есепке енгізіледі.
— Биылғы алғашқы үш айда тұтынушыларға 5 млн теңгеден астам қаржы қайтарылған істер бойынша 18 адамның құқығы қорғалды. Қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі 190 млн теңгені құрады, — деді Болат Танабергенов.
Сонымен қатар бір мәселе бойынша бірнеше адамның құқығы бұзылған 6 іс қаралған. Соның нәтижесінде 31 тұтынушының мәселесі шешіліп, оларға 4,2 млн теңге өтелген.
Бұдан бөлек, оннан астам адамның құқығы бұзылған жағдайда сотқа тұтынушылардың белгісіз тобының атынан талап қою тәжірибесі де қолданылып жатыр.
— Осы бағытта 3 іс қаралды. Нәтижесінде 44 тұтынушының құқығы қорғалып, 1,8 млн теңге өндіріліп берілді, — деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында тұтынушыларға 44 млн теңге қайтарылғанын жазған едік.