Қазақстанда риэлторлық қызметті реттеу тиісті деңгейде емес – Тимур Жақсылықов

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов депутаттардың риэлторлық қызметке мемлекеттік реттеуді белгілеу туралы ұсынысына пікір білдірді.

Фото: primeminister.kz

«Біз бұл мәселеге талдау жасадық. Оның барысында бұл салада, риэлторлық қызмет саласында ешқандай реттеу жоқ екені белгілі болды. Сонымен қатар, ешқандай талаптар жоқ. Бұл ретте, жағдайды ретке келтіру керек деген мәселе көтерілді. Сондықтан оларды заңнамалық тұрғыдан ретке келтіру қажет», — деді Т. Жақсылықов Сенатта өткен брифингте.

Оның айтуынша, депутаттар бұл бастаманы саладағы кемшіліктерді жою мақсатында ұсынып отыр.

«Естеріңізде болса, 2022 жылы тамыз-қыркүйек айларында Астанада және басқа қалаларда пәтерді, үйді, қонақүйді жалға алуға сұраныс күрт артқан еді. Сол кезде елімізде клиенттермен келісімшарттар негізсіз бұзылып, көбірек ақша ұсынған басқа адамдармен келісімшарттар бекітіле бастаған», — деді вице-министр.

Айта кетейік, жақында Мәжіліс депутаттары риэлторлық қызметке мемлекеттік реттеуді орнатуды талап етті.