Қазақстанда ірімшік пен сүзбе бағасы қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM - Бұл тағамдардың бағасы әртүрлі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ірімшік бағасы қанша тұрады ?
«Голландық» қатты ірімшіктің бір келісі орта есеппен 4400-5500 теңге тұрады. Дүкен сөресінде көбіне Ресей, Беларусь, сонымен бірге қазақстандық өндірушілердің өнімі бар. Қатты ірімшіктің арзаны Алматы қаласында. Мұнда келісін 2400 теңгеден ( 5500-9800 теңге тұратын сұрпы да бар) сатып алуға болады. Астанада баға сәл жоғары. Келісі 2700 теңгеден басталып, 6300 теңгеге жетеді.
Шымкентте ірімшік бағасы орта есеппен 2800-6300 теңге тұрады. Ал Талдықорған мен Түркістанда сүттен жасалған өнімнің келісі 3200-4600 теңгеден сатылып жатыр.
Өскемен мен Семейде ірімшік бағасы 3500 теңгеден басталады. Ал сапасы әлдеқайда жақсысы 4500 теңгеден сатылып жатыр.
Қызылордада қатты ірімшік келісі 3850 теңгеден басталады.
Қостанайлықтар ірімшіктің келісіне 4400 теңге (жергілікті өндіруші) төлейді. Импорт сүт өнімінің келісі 5500 теңге тұрады.
Таразда әртүрлі «голландық» ірімшік бағасы 4500 теңгеден басталып, 4700 теңгеге жетеді.
Орал мен Ақтауда ірімшік бағасы 4800 теңге тұрады. Ал Петропавлда сүт өнімінің құны келісіне 4900 теңгеден басталады.
Қарағанды мен Павлодарда қатты ірімшік құны 5000 теңгеден басталса, Көкшетауда баға сәл жоғары. Мұнда дүкен сөресіндегі ірімшік бағасы 5200 теңге тұрады.
Жезқазған тұрғындары сүт өнімінің келісін 5500 теңгеден сатып алады. Атырау мен Қонаевта да дәл осы баға.
Баға Ақтөбе қаласында жоғары. Мұнда «голландық» ірімшік бағасы 5800 теңгеден басталады.
Сүзбе (творог) бағасы қанша тұрады
Елімізде сиыр сүтінен дайындалған сүзбенің бағасы шамалас. Келісі 1000-1500 теңге тұрады.
Ал Қостанай мен Петропавлда (супермаркетте баға 1200-1500 теңге тұрады) келісін 1000 теңгеден табуға болады. Қызылордада келісі 1100 теңге (арнайы дүкендерде 1800 теңгеге сатылады) тұрады.
Өскемен, Семей, Тараз бен Ақтөбеде (Айтып өтейік Ақтөбедегі дүкенде сүзбе келісі 2100 теңге тұрады) сүзбе бағасы 1200 теңге, ал Астанада 1300-2000 теңге тұрады.
Ақтауда сүзбе келісі 1300 теңге тұрады. Ал Қарағандыда келісі 1350-1550 теңге болып тұр.
Шымкентте сүзбені 1400-1800 теңгеге, Көкшетауда 1400 теңгеге сатады.
Талдықорған, Атырау, Жезқазған мен Түркістанда (мұндағы кейбір сауда нүктесінде келісі 2000 теңгеге жетеді) сүзбенің келісі 1500 теңге болып тұр.
Қонаевта бір келі сүзбе бағасы 1600 теңге тұрады. Ал Оралда 1800 теңгеге сатылып жатыр.
Павлодарда сүзбенің келісі 2060 теңгеден басталады. Егер майлылығы жоғарысын таңдасаңыз, баға да өсе береді. Мәселен майлылығы 9% болатын сүзбенің келісі 2220 теңге тұрады.
Алматыда сүзбенің орташа бағасы 2200 теңге болып тұр. Ал 10 келісін алсаңыз көтерме бағада 1000 теңге деп бекітілген.
Таяуда ғана отандық кәсіпкерлердің ірімшік пен сүзбе өндірісін азайтқаны белгілі болды.
Kazinform бұған дейін шай мен кофе, құрма, қымыз бен шұбат бағасын салыстырды.