Қазақстанда «Рухани жаңғыру» порталы ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын табысты жүзеге асыру мақсатында жаңа «Рухани жаңғыру» порталын құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен ҚХА Журналистер клубының кеңейтілген отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Нұргүл Мауберлинова мәлім етті.

«Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын табысты жүзеге асыру ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен тікелей байланысты. Жаңғырту бағдарламасын тиімді ақпараттық қолдаумен қамтамасыз ету мақсатында министрлік (Ақпарат және коммуникациялар министрлігі  ред.) арнайы «Рухани жаңғыру» сайтын құру жоспарлап отыр. Бұл портал еліміздің киелі, мәдени және туристік орындарынан табысты замандастарының тарихына дейінгі барлық ақпараттар жарияланатын бірыңғай интернет-ресурсқа айналады», - деді Нұргүл Өсербайқызы.

Министрлік өкілінің айтуынша, «Рухани жаңғыру» порталы аясында бағдарламаның әр бағытына жекелеген платформалар жасалады және портал арқылы қалың оқырман мәдени-білім беру сипатындағы түрлі мәліметтермен таныса алады. Сондай-ақ, сайтта форум, халықпен керіс байланыс функцияларын орнату қарастырылған.