Қазақстанда салық төлеушінің қарызын өтеу үшін кепіл мүлкі сатылады — пилоттық жоба
АСТАНА. KAZINFORM — Енді салық немесе басқа да төлем міндеті бар жеке тұлғаның қарызын өтеу үшін кепілге қойылған мүлікті сатылымға шығармақ.
Қаржы министрлігі бюджетке төленетін салық пен басқа да міндетті төлем бойынша берешекті өтеу мақсатында салық төлеуші немесе үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті сату рәсімін жеңілдету үшін мобильді қосымшаны қолдануға мүмкіндік беретін пилоттық жобаны әзірледі.
Пилоттық жоба аясында мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушінің берешегін өтеу мақсатында олардың мүлкін мобильді қосымша арқылы сата алады.
Құжатта пилоттық жобаны іске асыру ережесі мен мерзімі айқындалған. Пилоттық жобаны 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, аталған жаңашылдық мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолдану мерзімін қысқартып, еңбек ресурсы шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба «Ашық НҚА» порталында биыл 18 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.
Еске салайық, биыл наурызда елімізде салық берешегін өндіріп алу тәртібі қайта қаралатыны туралы хабарлаған едік.