Қазақстанда сатылатын тауарлардың төрттен бірі техникалық регламенттерге сай емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сатылатын тауарлардың төрттен бірі техникалық регламенттерге сай емес. Бұл туралы «Атакемен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында 2015 жылғы азық-түлік тауарларының қауіпсіздігіне арналған мониторинг қорытындыларына арналған селекторлық кеңесте мәлім болды.

Отырысқа ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің, мемлекеттік органдар мен ірі сауда өкілдері қатысты. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті Техникалық регламенттер мен санитарлық шаралар талаптарының сақталуын бақылау басқармасының басшысы Нұрқан Сәдуақасовтың айтуынша, тексеру бойынша алынған 15151 тауардың 3936-сы техникалық регламентке сәйкес келмейді. Оның ішінде 81% - азық түлік өнімдері, 14% - балалар ойыншықтары мен балалар тауарлары, 2% - химиялық және мұнайхимиялық заттар, 2% - парфюмериялық-косметикалық өнімдер, 1% - азық түлік саласына қатысты материалдар мен құрылғылар.

Мәліметтерге қарағанда, техникалық регламент талаптарының бұзылуына негізінен мыналар себеп болған: маркировка ережелерінің сақталмауы - 68%, қауіпсіздік талаптарына сай еместері - 19%, тұтынушыларға түсініксіз ақпараттар жазылған - 13%.

«Талапты бұзатын тауарлардың ең көп үлесі сүт өнімдерін құрайды - 26%. Бұдан кейінгі орындарда ет және ет өнімдері - 15%, құс еті мен оның өнімі - 13%, кондитер бұйымдары - 10%, көкөніс өнімдері - 5%, шырын және алкогольсіз ішімдіктер - 1% болып отыр. Ал техникалық регламентке сай келмейтін тауарлар шығарылған елдер арасында көш бастап тұрған Ресей  - 52%, қазақстандық тауарлар - 23%, 4% - Қырғызстан импорты, 3% - Беларусь, және  3% - Украина тауарлары», делінген баспасөз баянында.

Тексеру қорытындылары бойынша елімізде сатылатын әрбір төртінші тауардың қауіпсіздік жөніндегі құжаты жоқ екендігі, нақтылап айтқанда сатылатын тауарлардың сәйкеспейтіндігі бойынша 3198 факті орын алған. Ал 796 жағдайда тауарларға қандай да бір құжаттар жоқ болып шыққан.