Қазақстанда сауда-саттықты базарлардан біртіндеп сауда үйлеріне көшіру жоспарлануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті биылғы қыркүйек айында Парламентке «Сауда және сауда қызметі туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын жолдайды.

Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында комитет төрағасы Дәулет Ерғожин айтты.

«Біздегі бар ақпарат бойынша қазіргі кезде Алматы қаласының сауда айналымының 50 пайызы базарлар арқылы өтеді. Оның үстіне базарларда кассалық аппараттар жоқ болғандықтан, барлық сауда қолма-қол ақшамен жүргізіледі. Былайша айтқанда, көлеңкеде қалатын қаражат өте көп деуге болады. Сондықтан біз Ұлттық экономика министрлігіне осыған байланысты шаралар қабылдауды ұқсынған болатынбыз. Біріншіден, біз 2018-2019 жылдарға қарай біртіндеп сауда үйлерінде сауда жасауға өтуге тиіспіз. Қазіргідей ашық аспан астында орта ғасырлардағы сияқты сауда жасаудан шығуымыз қажет», - деп атап өтті ол.

Комитет төрағасының айтуынша, Германия мен Францияда тауар айналымының 95 пайызы сауда үйлері, ал қалған 5 пайызы аптасына бір рет өткізілетін фермерлердің жәрмеңкелері аясында базарлар арқылы өтеді.

«Қазір сіз кез келген базарға барып, кез келген тауардың қайдан шыққаны туралы сертификатты талап етсеңіз, оны ешқашан ала алмайсыз. Мысалы, үшін кәдімгі жемістер мен көкөністерді алайық. Бізде сырттан келген тауарды түрлі нитраттар мен химиялық қоспаларға тексеретін кедендік зертханалар мен құрылғылар бар. Міне, осы зертханалардан сырттан келген 5 алманың екеуі ғана өтеді деп сеніммен айта аламын», - дейді Д. Ерғожин.

Оның айтуынша, қазіргі кезде сәйкес нормативтік-құқықтық актілер жасалып жатыр, олар дайын болысымен биылғы қыркүйек айында Парламентке жіберіледі.