Қазақстанда "Сауран" деп аталатын алғашқы жеке технологиялық парк өз қызметін бастады

None
АЛМАТЫ. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда "Сауран" деп аталатын алғашқы жеке технологиялық парк өз қызметін бастады. Бұл туралы жоба жетекшісі бүгін Алматыда өткен таныстыру рәсімінде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Парк Шымкент қаласының өнеркәсіптік аймағында орналасқан. 1,5 гектар аумақты алып жатқан технопарк "шығыстың этно-экологиялық қаласы" тұрпатында жобаланды. Жобаны жүзеге асыру 1991 жылы басталып, оған 1 миллион доллардан астам инвестиция салынды", дейді жоба авторы және оның жетекшісі Еркінбек Бөкенбай. Оның айтуынша, технопарктің басты мақсаты шағын және орта бизнесті дамытып, инновациялық жобаларды жүзеге асыру. Онда ұмыт болып бара жатқан халықтық технологиялар да қайта жаңғыртылмақ. Соның бірі дәстүрлі технологиямен кірпіш өндіру өндірісі. "Оған қажетті технологиялық желі 1993 жылы Франциядан сатып алынған. Ол кез-келген топырақты қазуға және тасымалдауға қолайлы, сапалы және өзіндік құны арзан өнім бола алады. Қазірдің өзінде паркте кірпіш, тротуарлық және өңдегіш қыш тақталар өндіретін шағын және орта бизнес субьектілері өз жұмысын бастады", дейді АҚШ-тың Сан-Франциско университетінің технологиялық паркінде тәжірибе жинақтаған техника ғылымынң кандидаты Еркінбек Бөкенбай.